АСТАНА, 21 маусым — Sputnik. Құқық қорғау органдары 2018 жылдың 29 мамырында Алматы – Ташкент – Термез жолының 718-ші километрінде көлік астына түсіп қаза тапқан әйелдің кім екенін анықтау үшін халықтан көмек сұрады.
Өңірлік ішкі істер департаменті мәліметіне сүйенсек, тергеу бөлімінде жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының материалы әлі өндірісте.
"2018 жылдың 29 мамырында 22.10-да жол апаты болды. Ауди-100 көлігін айдап келе жатқан жүргізуші кім екені белгісіз жаяу жүргіншіні – 35-40 жастағы азиат әйелді қағып кетті, зардап шегуші оқиға орнында көз жұмған", — деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары азаматтардан әйел адамның кім екенін анықтауға көмектесуді сұрайды.
"Әйел адам қызыл түсті спорттық олимпийка, қара шалбар, қызыл түсті биік өкшелі туфли киген. Жол апаты құрбанының түр-сипаты: бойы шамамен 160-165 см, дене бітімі орташа. Көзі қоңыр, шашы қара, қысқа (карэ)", — деп атап өтті өңірлік ІІД.
Жол апаты 2018 жылдың 19 маусымынан бастап Түркістан облысы болып өзгертілген Оңтүстік Қазақстан облысында болған.