Қоғам

Министр Қасымовқа тұрғындар ыңғайсыз сұрақтар қойып, әбден састырды

Астаналық зейнеткер ауладағы жыныстық қатынас жайлы Қасымовқа шағымданды
Sputnik

АСТАНА, 15 маусым — Sputnik. Халық алдында есеп берген Ішкі істер министріне тұрғындар ауладағы жыныстық қатынас, шашылған мүшеқаптар мен сыра бөтелкелері жайлы ыңғайсыз сұрақтар қойып, әбден тығырыққа тіреді. Тіпті Қалмұханбет Қасымовқа өзінің жеке мәселесін айтып шешіп алмақ болғандар да жетерлік. Бірақ, генералдың жиынына  кіру оңайға соққан жоқ, деп хабарлады КТК.

Қасымов Қазақстанда қандай қылмыс түрі ең көп таралғанын айтты

Әдетте министрлердің халық алдында есеп беруі ың-шыңсыз өтетін. Бірақ кезек Қалмұханбет Қасымовқа келгенде, "Қазмедиа" ғимаратының алды полицейлерге толы болды. Тіпті арнайы жасақ автобуспен келіп, айналаны қатаң күзетке алған. Сыртта жұрт осылай кіре алмай жүргенде, іште Ішкі істер министрі елдегі  қылмыстық ахуал жайлы баяндады. Қасымов ең әуелі  есірткі саудасының өршіп тұрғанын айтты.  

"Әсіресе, Ауған героині, Еуропадан келетін синтетикалық есірткілер қауіп төндіруде. Әрі Шуды айтпағанда Қызылордалықтар да  Үнді қарасорасын өсіруді әдетке айналдырған. Соңғы жылдары 150-ден астам есірті алқабы табылып, 215 тонна наша тәркіленді", — деді министр.

Ал есірткі саудасын қыздырғандарды ұстау оңай емес. Көбі интернет арқылы жасырын жұмыс істейді дейді министр. Әрі зорлық, адам өлтіру секілді ауыр қылмыстан бастап ұрлық-қарлыққа дейін өршіп тұр. Әсіресе, ұялы телефонды сып еткізіп, көлікті тонап кететіндер көп. Ал мұндай қылмысқа итермелейтін – арақ, дейді Қасымов. Ішімдік ішіп, заң бұзатындардың көбі ақтөбеліктер екен. Астана да қалыспайды. Бүгін осындай маскүнемдерден мезі болған зейнеткер министрге шағымданды. 

"Аулада арақ ішіп қана қоймайды, қыз-жігіттер жыныстық қатынасқа түседі. Мүшеқаптарын жан-жаққа лақтырып кетеді. Учаскелік инспекторлар ештеңеге мән бермейді. Балалар алаңы емес, қоқыс алаңы", — деп ашынды ол.  

Тіпті Қасымовқа өзінің жеке басының мәселесін айтып көмек сұрағандар көп. Соның бірі сотталып кетемін бе қорқатынын айтты.

Жыл басынан бері Қазақстанда 600-ден аса адам жол апатынан көз жұмды

"Мені сіздің қызметкерлеріңіз Павлодардан осында әкелді. Такси жүргізушіге ақша төледы. Такси жүргізуші полицейлердің ақша төлеп Астанаға жеткізгенін алғаш рет көріп тұрмын деп таңғалды", — дейді ол.   

"Түстен кейін сізбен кездесіп, мәселеңізді шешеміз", — деп жауап берді Қасымов.

 Осылайша, тұрғындардың сұрағына екі сағатқа жуық жауап берген Қасымов қол астындағыларды жарылқауды да ұмытқан жоқ. Оның айтуынша, елімізде 35 мыңға жуық полицей әркімнің босағасында жүр. Сондықтан енді оларға біртіндеп  пәтерге қажетті ақша үстемақы ретінде төленіп тұрмақ. Оны алдымен тергеушілер мен криминалистер алады екен.