Әлем

Ресей зейнетке шығу жасын ұлғайтпақ

Зейнетақы реформасы келесі жылы басталады деп жоспарлануда
Sputnik

АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. Ресей үкіметі зейнетке шығу жасын ерлер үшін 65 жасқа, ал әйелдер үшін 63 жасқа дейін көтеруді ұсынып отыр, деп хабарлайды РИА Новости

РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев реформа кезең-кезеңмен іске асатынын және 2019 жылы басталатынын нақтылады.

Дүйсенова: Зейнет жасын көтерудің алғашқы кезеңіне іліккен әйелдер ұтады

"Зейнетақы реформасын 2019 жылдан кезең-кезеңмен іске асыру ұсынылып отыр. Сонда ерлер 2028 жылы 65 жаста, ал әйелдер 2034 жылы 63 жаста зейнетке шығады", — деді Медведев министрлер кабинетінің отырысында. 

Хабарланғандй, ерекше климаттық жағдайда, мәселен Қиыр Солтүстік аудандарында жұмыс істейтін ресейліктер қадам-қадаммен зейнетке 60 (ерлер) және 58 жаста (әйелдер) шығады. 

Айта кетсек, қазір Ресейде ерлер мен әйелдер зейнетке тиісінше 60 және 55 жаста шығады. Заңда көрсетілген бұл зейнет жасы сонау 1930 жылдарда бекітілген.

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы әр алты айға ұлғайтылып отыр. Осылайша әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылы 63 жасты құрайды.