Оқиға

Павлодарда моншаға түсіп жатқан әйел балаларымен бірге тірідей жанып кетті

Қайғыдан қан жұтқан отағасы жақындарын жерлеу үшін көпшіліктен көмек сұрады
Sputnik

АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. Павлодарда 30 жастағы келіншек пен оның екі баласы моншадағы өрттен қаза тапты. Болжам бойынша, оттың тұтануына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған, деп хабарлады КТК. 

Атырауда тірідей жанғандардың туыстары жатақханадағы сұмдықтарды айтты

Қайғылы оқиға шаһардағы Потанин көшесінде орналасқан жер үйдің аумағында болды. Жазғы асханаға жапсарлас салынған моншаға марқұмдар түс кезінде кіріпті. Сол сәтте өрт шығып, іштегі келіншек 4 жасар қызымен және жетідегі ұлымен бірге тірідей жанып кеткен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 20 шаршы метрді шарпыған жалынды бір сағатта әзер ауыздықтапты.

Қайғыдан қан жұтқан отағасы жақындарын жерлеу үшін көпшіліктен әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған. Қазір арнайы шот ашылып, тұрғындар көмектесуде. Марқұм келіншек қос баласымен бірге бүгін жерленбек. 

"Енді не істейміз? Балалар шапағатты болсын! Анасы шаһит болып кетті. Иман байлығын берсін!", — деп күрсінді марқұмдардың ағасы Мұхтар Қосбармақ.