АСТАНА, 6 наурыз– Sputnik. Атырау облысындағы жатақханада жанып кеткен жұмысшылардың мүрделері үйлеріне жеткізілді. Қарабатандағы газтурбиналы электр стансасының құрылысында өртеніп кеткен 7 жұмысшының барлығы Оңтүстік Қазақстаннан екені айтылған еді, деп хабарлады КТК.
"Жаңағы казармадан 380 вольт желі өтеді екен. Сол желі тұйықталып үзіліп, жерге түскен, жан-жақтың бәрі темір қоршау. Казармада неге сигнализация жоқ? Неге өрт сөндіру құралы жоқ? Неге құтқару апараттары жоқ?", — дейді марқұмның туысы Тәттігүл Сүлеева.
Үйіндегі ұлдың үлкені Мақсат 2 жылдай Атырау облысында әкесімен бірге вахталық әдіспен дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген. Наурыздың 10-на өзі келіп, әкесі кетуі керек болған екен. Соңғы рет өртенерден 15 минут бұрын ғана жақындарымен сөйлескен ол түнгі ауысымнан шыққанын айтыпты. Оның артында 2 қызы мен ұлы қалды. Жетім атанған балаларының ең үлкені бар-жоғы 4 жаста.
"Есік-терезе істеу керек. 12 метрлік ұзын вагонның ішіне жайғастырған, түрмеге қамағанмен бірдей ғой. Концлагерьдегі құл ғой. Дұрыс па? Бұл мүмкін емес", — дейді марқұмның туысы Серік Омаров.
Еске салсақ, 2 наурыз күні Қарабатан стансасындағы "Газтурбиналы электр станциясының" құрылысы жүріп жатқан аймақтағы жатақхана өртеніп, 6 адам тірідей жанып кеткен еді. Ал, төртеуі ауруханаға түскен болатын. Кейін денесінің 75 пайызы күйіп қалған тағы бір жұмысшы ауруханада қайтыс болды.