Спорт

Головкиннен қайтарып алынған IBF титулына кімдер таласатыны ресми хабарланды

IBF ұйымы Деревянченконың промоутері Лу Дибелла мен Джейкобстың промоутері Эдди Хирнге хат жолдады
Sputnik

АСТАНА, 12 маусым — Sputnik. Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақта бос қалған титулды украиналық Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО) мен  америкалық Дэниел Джейкобс (34-2, 29 КО) арасындағы жекпе-жекке бәске тігуге шешім қабылдады, деп хабарлады Sports.kz.

Головкин IBF белбеуімен бірге тағы бір үлкен шығынға ұшырады

IBF міндетті үміткер Деревянченкомен кездесуден бас тартқаны үшін қазақстандық Геннадий Головкиннен (38-0-1, 34 КО) титулды қайтарып алған болатын.   

Дүйсенбі күні IBF ұйымы Деревянченконың бірлескен промоутері Лу Дибелла (DiBella Entertainment) мен Джейкобстың промоутері Эдди Хирнге (Matchroom Boxing) хат жолдап, дереу келіссөздерге кірісуді ұсынды. Егер тараптар 11 шілдеге дейін келісе алмаса, онда промоутерлік сауда-саттық белгіленеді.    

Промоутерлік сауда-саттық өткен жағдайда, жүлде қоры боксшылар арасында тең бөлінеді.