Әлем

Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президентіне ескерту жасады

Атамбаев бұрынғы премьер Сапар Исаков пен кеден қызметінің төрағасы Кубанычбек Кулматовқа тағылған айыптар ақылға қонбайтынын мәлімдеді
Sputnik

АСТАНА, 8 маусым — Sputnik.  Қырғыз Республикасының бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковтың қамауға алынуына байланысты елдің бұрынғы президенті мәлімдеме жасады. Істің саяси астары бар екенін ашық жазған Алмазбек Атамбаев жемқорлықпен белсене күрескендер жазықсыз кетіп жатыр дейді. Көптен бері баспасөзде аты аталмай кеткен социал-демократтар партиясының төрағасы қазіргі таңда отырған Сооронбай Жээнбеков қауіпті жолға түсіп отыр деп ескертті, деп хабарлады Еуразия бірінші арнасы.  

Атамбаев Қырғыз Республикасының батыры атанды

"Тағылған айыптардың ақылға қонбайтынын көрсем де мен мәлімдеме жасамай, бақылап отырдым. Құқық қорғау органдарына істің мәнісін толық түсінуге мүмкіндік бердім. Бірақ қазір оларға Исаков пен Кулматовты қалай да қамауға алу керек деген тапсырма берілгенін байқаймын. Жемқорлықпен күрес деген желеумен өз пікірі мен ұстанымы бар тұлғаларды тұтқындау басталды. Қолына кісен салынған тұлғалардың арқасында былтыр ың-шыңсыз бюджетке 9 миллиард сом қайтарылған болатын. Биыл көрсеткіш нашар болатын сияқты", — деді Атамбаев.

Естеріңізге сала кетейік қырғыз елінің бұрынғы премьері Сапар Исаков пен кеден қызметінің төрағасы Кубанычбек Кулматов қамауға алынған болатын. Оларға Бішкектегі жылу энергия стансасын жаңғырту жобасын іске асыруда лауазымын пайдаланып, шетелдік компанияның мүддесін қорғады деген айып тағылуда. Белді қызметкерден күдіктігі айналған екеуі де Алмазбек Атамбаев басқаратын партияның мүшесі. Атышулы экс-президенттің сөзінше партияластарының мүдде қорғайтындай, одан қалды өздігінен шешім шығаратындай құзыры болмаған. Шешімдерді сол кездегі президент, яғни Атамбаев қабылдаған екен.