Өңірлер

Мекенжайы маңызды емес: менингитке шалдыққан науқасты бірден ауруханаға жатқызу керек

Елжан Біртанов науқастарды бейінді медициналық мекемелерге шұғыл жеткізу және "мекенжай бойынша" орналастыруға қатысты ахуалды реттеу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 маусым — Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жуырда менингитке шалдығып, әл үстінде жатқан науқасты Талғар қаласынан Қаскелең қаласына жеткізу оқиғасын өрескел қателік деп атады. Қалалар бір-бірінен елу километрдей қашықтықта орналасқан. Министр Алматыдағы баспасөз мәслихатында атқарылып жатқан шаралар бойынша есеп берді.

Біртанов: менингококк инфекциясының бәсеңдеуіне қатысты ештеңе айта алмаймын

"Аудандық және қалалық ауруханалар… бүгін де кемшіліктерді анықтадық. Дәлірек айтсақ, жедел медициналық жәрдем беру ережелері бойынша былтыр қабылданған денсаулық сақтау министрлігінің стандарты бұзылған, ауыр хәлдегі науқастарды бір ауруханадан екіншісіне тасымалдауға болмайды: науқастар жақын жердегі медициналық мекемелерге жеткізіліп, сол жерде жәрдем көрсетіліп, хәлі бір қалыпты болған соң ғана, арнайы ем берілетін тиісті ауруханаға ауыстырылуы тиіс", — деп түсіндірді Біртанов.

Министрдің сөзіне сүйенсек, қазіргі бұйрық бойынша науқастың тұрақты мекенжайының қосалқы маңызы болуы мүмкін.

"Жедел медициналық жәрдем алу кезінде мекенжайына байланысты шектеулер болыпты. Бұл да талапқа сай емес, себебі бұйрықта ешқандай сілтемелік нормалар жоқ. Жедел жәрдем ең жақын ауруханада көрсетілуі тиіс", — дейді Біртанов. 

Ол жұмаға дейін Алматы және Алматы облысы денсаулық сақтау басқармаларының жұқпалы дертке шалдыққан науқастарды ауруханаға жатқызу тәртібі туралы бірлескен бұйрығы қабылданатынына уәде берді.

Біртанов менингит туралы: инфекция бізге бағынбайды

Біртанов Денсаулық сақтау министрлігі стандарттарының бұзылуы туралы да сөз қозғады: аудандық ауруханаларда жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға орын болмаған.

"Денсаулық сақтау министрлігінің стандарты бойынша көпбейінді ауруханаларда жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға арналған орындар болуы тиіс. Бұл талап та сақталмаған. Алматы облысының аудан орталықтарындағы аудандық ауруханаларда да жұқпалы аурулар бөлімі жоқ, науқастар бұрынғыша Қаскелеңге жіберілген. Қазір бұл мәселені реттедік. Жергілікті атқарушы органдар, әкімдік қабылдаған шешімге сәйкес Талғар қаласы аудандық ауруханасында жұқпалы аурулар бөлімі ашылды. Есікте де жеке блок бар. Сонымен бірге, Қаскелең ауруханасының жанында жұқпалы аурулар емханасы бар, соған қарамастан бұл ауруханада да жұқпалы ауруға шалдыққандарға орын бөлуді тапсырдым", — деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі.

Елжан Біртанов Алматыдағы жұқпалы аурулар емханасында табылған кемшіліктерді атап көрсетті.

Дәрігер Комаровский менингиттен үрейленген қазақстандық аналарға жауап берді

"Кеше ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасында медициналық көмек көрсету кезінде кемшіліктер анықталды. Бұл науқастар санына байланысты, алдында айтқанымдай, жедел жәрдем мүмкіндігі, аурухана мүмкіндігі науқастар санының орташа көлеміне есептелген. Маусымдық сипатты ескеретін болсақ, жұқпалы аурулар ауруханасына қаралушылар саны екі есе көбейіп кетті. Соның салдарынан, бұл клиникалар басшылары дұрыс жұмыс істемей, кезек пайда болған. Оқиға сол жерде реттелді. Қосымша дәрігерлер шақырылып, науқастарды қабылдау бекеті ашылды", — дейді ол.

Денсаулық сақтау министрі Алматыға жұмыс сапарымен барды. Кеше ол қала мен облыс ауруханаларын аралап шығып, медициналық мекемелер қызметін сынға алған. 

Қазақстанда жыл басынан бері менингиттен 13 адам қайтыс болды.