Қоғам

Таяуда Астана қоқыс жинаудың жаңа жүйесіне көшеді

Жақын арада қаладағы тұрғын үйлердің ауласына жаңа контейнерлер орнатылады
Sputnik

АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Астана әкімі Әсет Исекешев елордада қоқысты жинау мен өңдеу мәселесі қалай шешімін тауып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Астана әкімі Тұрсынбек Қабатовқа қызмет ұсынды

Қала әкімі қоқысты жинау мен өңдеу саласында үлкен бағдарлама қолға алынғанын атап өтті. Айтуынша, алғашқы кезең мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Ал екінші кезеңде елорда республикада алғашқы болып қоқысты бөлек жинау жүйесіне көшпек.

"Инвестор бұған дейін тоқырап тұрған зауытты іске қосты, пластик, ағаш өңдейтін цех ашылды. Сондай-ақ 30 қоқыс таситын көлік, 2 мыңнан астам контейнер сатып алды. "Ай-көмек" қалалық орталығы арқылы бәрін бақылап отырамыз, кейін заң бұзушылықтар болса, әр фактімен жеке-жеке айналысамыз. Қазір екінші кезең, басты мақсат – республикада алғашқы болып қоқысты бөлек жинау жүйесіне көшу. Бұл былайша айтқанда жаңа мәдениет. Сіздер білесіздер, Еуропада әр үйде 4 қоқыс шелегі бар. Бірақ қазір кейбір елдер одан бас тартып жатыр, тиімділігі аз дейді. Ал біз кей елдер сияқты тек екеуін пайдаланамыз. Оның біріншісі – органикалық, негізінен азық-түлік қалдықтары. Екіншісі – бірден өңдеуге болатын металл, ағаш,  пластиктер мен қағаз, киім және тағы басқа", — деді қала әкімі.

Исекешев қоқысты жинаудың жаңа жүйесіне көшу үшін 6 мың контейнер сатып алынғанын мәлімдеді. Жақын арада олар қаладағы тұрғын үйлердің ауласына орнатылмақ. 

Астанада автобус жолақысы қымбаттай ма?

"Барлық тұрғындардан осы мәселені зерделеуді сұраймыз. Өйткені жақында біз қоқысты бөлеу жинау жүйесіне көшеміз. Бұл бізге не береді? Ең алдымен, франциялық технология бойынша салынатын зауытты іске қосамыз. Бұл жоба ЭКСПО көрмесінде таныстырылған болатын. Ол толығымен органикалық қалдықтарды өңдейді, сонымен қатар биогаз, тыңайтқыш өндіреді… Зауыт құрылысы 2019 жылдың күзінде аяқталады", — деді қала басшысы. 

Сонымен қатар, елорда әкімі қоқыс шығару саласындағы компаниялардың қызметін бақылауды қатаңдату туралы үкіметке ұсыныс енгізгенін атап өтті.