АСТАНА, 28 мамыр — Sputnik. Ақтөбе орталық базарында сатушылар эвакуациялық шығатын есіктерді бөгеп тастаған, деп хабарлады ішкі істер министрі орынбасары Юрий Ильин.
Оның айтуынша, нысан әкімшілігі барынша пайда түсіру үшін өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған.
"Осы нысан тексеріліп, басқарушы субъектке кемшіліктерді жою туралы ұйғарым жазып берілген болатын. Сатушылардың наразылығын тудырған себебі, олардың жартысы эвакуациялық шығу есіктерінде орналасқан. Демек, базар әкімшілігі барынша пайда табу үшін, эвакуациялық шығатын жерлерге адамдарды орналастырып, ақы алады, бұл өрт қауіпсіздігі ережелеріне қайшы. Бұл адамдарға басқа мекемелерде қосымша сауда орындары берілетін болады", — деп мәлімет берді Ильин Астанадағы брифингтен кейін.
Өткен жұмада Ақтөбедегі орталық базардың жүздеген жұмысшысы сауда орындарын босатқысы келмейтінін мәлімдеп, базар алдындағы жолды бөгеген болатын. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері нысанды тексеру барысында өрт қауіпсіздігі бұзылған 32 жайтты анықтады.