АСТАНА, 27 мамыр — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облыстық зағиптар қоғамында сауаптар молынан жазылатын қасиетті Рамазан айында мүмкіндігі шектеулі жандарға 100 қап ұн таратылды, деп хабарлайды otyrar.kz.
Қайырымдылық шарасына ұйытқы болған Жұманәлі Сыздықовтың өзі 1-ші топтағы мүгедек. Тағдырластарына тарту жасауды жыл сайын ұмытпайды. 55 жастағы кәсіпкер 29 жасында бір түнде көз жанарынан айырылған. 26 жылдан бері денсаулық саласында кәсібін дөңгелетіп келе жатқан қайырымды жанға зағиптардың айтар алғысы мол болды.
"Бізбен тағдырлас, 1-ші топ мүгедегі Жұманәлі Сыздықов жыл сайын осындай сауапты істердің ұйытқысы болып жүреді. Алғысымызды білдіреміз. Қасиетті Рамазан айында жасаған әрбір қайырымды ісінің сауабы еселенсін!," — дейді Бәкір Әбдікұлы.