АСТАНА, 25 мамыр – Sputnik. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова бүгінгі таңда қорға қанша ақша түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна ретінде түскен ақшаның жалпы көлемі бүгінгі таңда 69,5 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаражаттың барлығы Ұлттық банкте шоғырланған. Әзірге бұл қаржыны қолдану қарастырылмаған. Өйткені олар толығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек көрсету пакетіне бағытталады. Айта кетсем, қазіргі таңда 5 миллион 758 мың 58 адам үшін төлем түсті", — деді Бахмутова ОКҚ-де 2018 жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және кепілдендрілген тегін медициналық көмек көлемін қаржыландыру барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылға дейін шегерілген болатын. Алайда кейін ақпан айында президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев Нұрсұлтан Назарбаевтан сақтандыруды 2019 жылы енгізуді сұрады. Мемлекет басшысы да келісім берген еді.