Қоғам

Амандық Баталов Елдос туралы: бұл жігіттің қайсарлығына таңғаламын

Мүмкіндігі шектеулі Елдос Баялышбаев Талдықорғанда оңалту орталығын ашып, өзі сияқты жарымжан жандарға көмектесіп жүр
Sputnik

АСТАНА, 25 мамыр – Sputnik. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов "Қазақстанның 100 жаңа есіміне" енген Елдос Баялышбаев қазір қандай жобалармен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақстанның 100 жаңа есімі": 102 жеңімпаз анықталды

"Мен бұл жігіттің қайсарлығына таңғаламын, апатқа түсіп, арбаға таңылса да, сағы сынған жоқ. Шынымды айтсам, бұл жігітті танымайтынмын. Алғашқы стартапты жеңіп алған кезде орынбасарым таныстырды. Елдос он екі мүшесі сау адамдар жасай алмайтын дүниелерді жасап жүр. Өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектеседі. Талдықорғанда оңалту орталығын ұйымдастырды, әзірге ол тұрғын үйде орналасқан. Кейін Алакөлдің жағасында сауықтыру орталығын тұрғызды. Бізде жастарға қызмет көрсету орталығы бар. Елдосқа сол ғимараттан орын бөлдік, онда өзі сияқты жас жігіттер кезекшілік етеді. Олар мүгедектер мен сырқаты ауыр науқастарды қалаған жеріне тегін тасымалдайды. Біз оған барынша қолдау көрсетіп, қол ұшын созып жүрміз. Жақында тағы да 50 мың еуро көлемінде грант ұтып алды, орталық салғысы келіп жүр. Қазір біз оған жер бөлдік, құрылысшыларды тартамыз", — деді облыс әкімі. 

Айтуынша, Елдос ашқан "Асар" орталығынан басқа облыстар да хабардар екен.

"Жақында Алматыда ардагерлер арасында волейболдан турнир болды. Сонда менің қасыма бір волейболшының әкесі келді. Ұлы жарақат алып, жүре алмай қалған екен. Ол менен "сіздерде, Талдықорғанда "Асар" орталығы бар екен, онда менің ұлым сияқты балаларды емдейді. Ұлымды сол жерге апаруға бола ма?" деп сұрады. Көрдіңіздер ме, Елдос туралы басқа өңірлер де айтып жүр. Құдай оған күш-қуат берсін. Біз оған әрдайым көмектесуге дайынбыз. Ол көпке үлгі. Сондықтан оны еш ойланбастан "Қазақстанның 100 жаңа есіміне" енгіздік", — деді Баталов.