Өңірлер

ШҚО-да қытайшадан қазақшаға аударатын мамандар не үшін қажет болып жатыр?

Жұмыспен қамту орталығы Қытайдан көшіп келген жас мамандарды жұмысқа тартуды қолға алмақшы
Sputnik

АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында білім және медицина саласының нақты мамандары жетіспейді, қытай тілінен қазақшаға аударатын аудармашылар қажет, деп хабарлайды Алтайньюс. 

Қытай ШҚО-ның балы мен балығына қызығушылық танытты

"Қалаға жақын болғандықтан көптеген адам облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Жасыратыны жоқ, қазір ауданда 200-ден астам адам жұмыссыз отыр. Жұмыспен қамту орталығында 125 бос орын бар. Бұған қосымша білім саласына 100 адам керек, медицина саласына 25 адам керек, нақты мамандар жетіспейді", — дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Азамат Қайролдинов.

Жұмыспен қамту орталығының басшысы тұрғындарды жұмыспен қамтуда екі бағытта жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

"Алдымен қазір бізде жол салынып жатыр. Сол жерде 50 шақты жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ ауданымызға қытай инвесторлары келді. Оларға қытай тілінен қазақшаға аударатын аудармашылар қажет. Біз көшіп келген ағайындардың отбасыларын зерттеп, қытай тілін білетін жас мамандар болса, осы жұмысқа тартуды қолға алмақпыз",- деп түсіндірді Азамат Жақсылықұлы.

Азамат Қайролдиновтың айтуынша, мамандардан жасақталған топтар  ауылдарға барып, жұмыссыздарды сол жерде тіркеп, олармен нақты жұмыс істеп келеді. Бұл шара тұрғындардың аудан орталығына келіп, жолға шығынданбауы үшін жасалып отырған көрінеді.