АСТАНА, 23 мамыр — Sputnik. Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және дауыл соғуы ықтимал.
Қазақстанның солтүстік облыстарында жауын-шашынға себеп болған суық арктикалық фронттар шығыс бағытта жылжып келеді. Алдағы күндері еліміздің оңтүстік-шығысы мен шығысында жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді.
Өзге өңірлерге Еділ бойынан келетін антициклон ықпал етеді. Бірақ әсері ұзаққа созылмайды, себебі Баренц теңізінде кезекті арктикалық фронттар қалыптасуда, бұл фронттар 25 мамырда күндіз солтүстік облыстарға жетіп, оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағытта жылжи бастайды. Осыған байланысты оңтүстікте, ал 25-26 мамырда республиканың оңтүстік-шығысында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады. Қазақстанның қалған аумағында жаңбыр жауып, найзағай жарқылдап, жел күшейеді.
24 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында дабылды ескерту жарияланды. Оңтүстік-батыс және батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей жерлерде ұйытқуы 23-28 м/с. Кей жерлерде найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы ықтимал. Петропавл қаласында 24 мамырда оңтүстік-батыс және батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, ұйытқуы 25 м/с. Күндіз найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы мүмкін.