АСТАНА, 18 мамыр — Sputnik. Астана экономикалық форумында "БҰҰ-әйелдер" өкілі Илейн Конкиевич Қазақстандағы гендерлік теңсіздік экономиканың дамуын қалай тежеп отырғанын және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге қалай кедергі келтіріп отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда 33% аз жалақы алады, бұл көрсеткіш жаһандық нормадан жоғары. Бұл елде әйелдер жоғары лауазым иеленіп, ғылым, инженерия секілді ақшасы көп қызметтерде істей алмайды, жеке кәсібін басқару мүмкіндігі де жоқ. Қазақстанда, жалпы Орта Азияда нәзік жандар үй тірлігі мен бала күтіміне ерлерге қарағанда 2,6 есе көп уақытын жұмсайды. Егер ер адамдар осы міндеттерге көбірек уақыт бөлсе, жұбайларында да табысты жұмыс істеуге мүмкіндік болатын еді", — деді БҰҰ өкілі.
Ол еңбекақы айырмасы Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіру жолында өте маңызды мәселе екенін атап өтті.
"Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Қазақстан әйелдердің жағдайын жақсартуы керек. Жаһандық рейтингте Қазақстан 52-ші орында, бұл ЭЫДҰ-ның кейбір елінен жоғары. Бірақ, тенденция соншалықты жақсы емес. Соңғы екі жылда Қазақстан үш орын, кейін тағы бір орын жоғалтты. Қазақстан экономикалық және саяси салаларда әйелдер үшін мүмкіндіктерді ұлғайтқаны дұрыс. Басқа елдермен салыстырғанда (ЭЫДҰ), бұл екі индикатор Қазақстанда нашар", — деп түсіндірді Конкиевич.
БҰҰ өкілі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін аталған көрсеткіштер маңызды екенін мәлімдеді. Айтуынша, еңбек нарығында әйелдердің көбеюі жаһандық деңгейде ЖІӨ мөлшерін 2025 жылға дейін 28 триллион долларға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
"Қазақстанда әйелдердің шешім қабылдауға қатысу индикаторы жаман емес. Мәжілісте – 27,1% әйелдер, бұл жаһандық нормадан да (23%) жоғары. Десек те Қазақстан ғаламдық деңгейде небәрі 58-ші орында тұр. Баса назар аударатын тағы бір индикатор мынау: 18 министрдің арасында – бір ғана әйел. Өкінішке қарай, бұл Қазақстанды тек 158-ші орынға қояды. Бұл өте төмен көрсеткіш", — деді ол.
Жалпы, БҰҰ Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанын, отбасылық және гендерлік саясатта жаңа тұжырымдамалар қабылданғанын тілге тиек етті.