Өңірлер

45 мың теңге үшін жолаушыны буындырып өлтірген. Такси жүргізуші сотталды

Жолаушысын айуандықпен өлтірген түркістандық такси жүргізуші 19 жылға бас бостандығынан айырылды
Sputnik

АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Жолаушыны айуандықпен өлтірген түркістандық такси жүргізуші 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер алғашқы сот отырысының өзінде-ақ кінәсін толық мойындаған. Бұған қоса 25 жастағы азамат сот процесі барысында тағы бір қылмысын мойындап, бірнеше бап бойынша заң алдында жауапқа тартылды, деп жазды otyrar.kz. 

Түркістанда жас келіншекті өлтірген таксист оқиғаның қалай болғанын баяндады

Сот залына келген қылмыскер өзіне тағылған үкімді үнсіз тыңдап, процес біткенше басын көтере алмады. Жолаушысын өлтірген такси жүргізушіні судья 19 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимде өтеуге шешім шығарды. Айыпталушы тарап судья шығарған шешімге қарсылық танытпады.

Қылмыскер деп танылған 25 жастағы азаматтың жақындары камера алдында сөйлегісі келмеді. Белгілі болғандай, такси жүргізушінің өзі сот барысында тағы бір кінәсін мойындаған. Мұны ескерген судья екі бап бойынша шешім шығарған. Ал марқұм келіншектің жақындары судьяның шешіміне көңілдері толмады. Айтуларынша, қыздарын айуандықпен өлтірген қылмыскерге кемінде 25 жыл беруі керек дейді.

"Шешімге қанағаттанбадым. Кемінде 20-25 жылға сотталуы керек еді. Мен ешқашан кешірім бермеймін", — деді марқұмның анасы Дариға Айдарова.

Такси жүргізуші көлігіне жылынып алу үшін отырған 12 жасар қызды зорлады

Сондай-ақ, судья сотталушыны қаза болған қыздың жақындарына 1 миллион теңге көлемінде моральдық- материалдық шығынды өтеуге шешім шығарды. 

Естеріңізге сала кетейік, із-түзсіз жоғалып кеткен Әйгерім Тасболатованы жақындары екі аптадан кейін өлі тапқан.

Марқұм келіншектің денесі ауылдың шетіндегі қамыстардың арасынан табылған. Куәгерлер соңғы рет қызды таксиге отырған жерінен көрген. Аталған істе күдікті ретінде 25 жастағы такси жүргізушісі ұсталған болатын. Сот кезінде айыпталушы қызды 45 мың теңгесі мен телефоны үшін буындырып өлтіргенін мойындады.