АСТАНА, 7 мамыр — Sputnik. Отан қорғаушылар күніне орай Sputnik Қазақстан үкімет мүшелерінің қандай спорт түрімен айналысатынын анықтады.
Еліміздің бас педагогы — білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хоккей ойнайды. Білім министрі бұл спорт түріне аптасына екі күн арнайды екен.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кәсіби тұрғыда ешқандай спорт түрімен айналыспаса да, мүмкіндігіне қарай фитнес-орталыққа барып тұратынын айтты. Осы орайда министр мырза қазақстандықтарға салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді.
Ал ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың спортқа қызығушылығы жоғары. Қазақстандық шенеунік жүгіреді, жүзеді әрі тартылады. Кейде дене формасын сақтау үшін түскі ас ішуге емес, фитнес-залға барады екен.
Әділет министрі Марат Бекетаевтың сүйікті спорт түрі маусымға қарай өзгеріп тұрады. Қыста әйелі және балаларымен бірге коньки тепсе, ал жаз мезгілінде жүгіру жолында уақыт өткізіп, денеге күш түсіретін жаттығулар жасайды. Командалық ойындардың ішінде әріптестерімен бірге футбол алаңында доп "қуалағанды" жақсы көреді. Министрдің айтуынша, офистен тыс белсенділік қағаз жұмысынан біраз демалып, бой жазуға мүмкіндік береді.
Ал Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сүйікті спорт түріне қатысты жауабы таңғалдырды. Егер жас кезінде министр бокспен шұғылданса, қазір йога, фитнес және тай боксы — муай-таймен дене формасын бірқалыпта сақтап келеді екен. Бозымбаев сүйікті спорт түрлерімен аптасына үш рет екі сағаттан айналысады. Сонымен қатар, халықаралық қазақ күресі федерациясының президенті бос уақыты болып жатса, салт атпен серуендегенді жақсы көреді екен.