Өңірлер

Оңтүстік Қазақстанда төрт жолақты автожолдар салынады

Жылдам көлік қозғалысына арналған жолдар Шымкент пен Сарыағаш қалалары маңында салынбақ
Sputnik

АСТАНА, 5 мамыр — Sputnik. Азия даму банкі (АДБ) Оңтүстік Қазақстан облысында жол құрылысына техникалық жәрдем ретінде 1,8 миллион доллар бөледі, деп хабарлайды Kazakhstan Project Preparation Fund баспасөз қызметі.

Қасымбек өңірлердегі жолдар үшін қосымша ақша сұрады

Астанада 5 мамырда "Оңтүстік Қазақстан облысында жылдам көлік қозғалысына арналған жолдар құрылысы мен эксплуатациясы" жобасын іске асыру бойынша техникалық серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында АДБ жобаның конкурстық құжаттамасын әзірлеуге халықаралық кеңесшілерді тарту үшін қаржылай көмек ұсынғалы отыр.

Меморандумға сәйкес, техникалық жәрдемнің сомасы 1,8 миллион долларды құрайды. Сонымен бірге, жобаны іске асыру үшін 500 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция тарту көзделген.

Жоба бойынша Шымкент пен Сарыағаш қалаларының сыртында жылдам көлік қозғалысына арналған, төрт жолақты айналма жолдар салынады.

Шымкентте жолдардың "уақытша жөнделуіне" тыйым салынды

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жоба Шымкент қаласын айналып өтетін Солтүстік (36 километр) және Оңтүстік-Батыс (56 километр) жолдарын, Сарыағаш қаласын айналып өтетін жолды (48 километр), Шымкент-Ташкент жолын (72 километр), Жызақ-Сарыағаш-Жібек жолы (42 километр) трассасын қамтиды.

Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына шамамен 100 миллиард теңге жұмсалмақ. Қолдану кезеңінде барлығы 254 километрге созылатын жолдарды сақтап, техникалық қызмет көрсетуге 10 жыл ішінде 50 миллиард теңге кететін болады.

Kazakhstan Project Preparation Fund — "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы.