АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов биыл ҰБТ өткізуге мемлекет қазынасынан қанша теңге бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мұнда жасыратын еш нәрсе жоқ. Мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге 1,5 миллиард теңге шамасында қаржы бөледі. Біз үш жыл бойы бюджет мәселесін көтерген жоқпыз, бірақ түлектер саны жыл сайын артып келеді", — деді Әлімқұлов ОКҚ баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, биыл ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ, тек оқушыларға сынақты ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Бүгінгі таңда 200-ге жуық түлек ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірген. Дегенмен бұл көрсеткіш әлі де өзгереді. Өтініш қабылдау мерзімі 10 мамырда аяқталады.
2 мамырдағы мәлімет бойынша 96 963 түлек ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Оның 73 мыңы, яғни 80 проценті қазақ тілінде тапсырмақ. Ал барлығы республика бойынша 146 мың оқушы мектеп бітіреді.
Ұлттық бірыңғау тестілеу жылдағыдай 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.