Қоғам

"Qazkom-ды әдейі таңдаған едім". Оғыз Доған тіл үшін неге күресіп жүргенін айтты

Астанадағы банктердің бірі клиентке қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуы қоғамда үлкен дау тудырды
Sputnik

АСТАНА, 26 сәуір— Sputnik, Кенжекей Тоқтамұратқызы. Журналист Оғыз Доған "Qazkom" банкінің Астанадағы филиалдарының біріне барып, қазақ тілінде қызмет ала алмаған соң, банк үстінен сотқа арыз түсіремін деп отыр. Sputnik тілшісі қандай да бір мекемеде азаматтың қызмет алу сапасына қатысты құқығы бұзылған жағдайда кімдікі дұрыс, кімдігі заңға қайшы болатынын сараптап көрді. 

"QAZKOM" банкін әдейі таңдаған едім…"

Әуелі, әлеуметтік желіні шулатқан бейнежазба авторы Оғыз Доғанның өзіне хабарласып, жағдайдың қалай басталғанын сұрадық. Журналистің банкке барған мақсаты ақшасын сақтайтын есепшот ашу болған екен. 

"Мен есепшот ашып, ақшамды салайын деп, Қазақстанда банк іздеген едім. Достарымнан кеңес сұрағанда, олар әртүрлі банктерді атады. Солардың арасынан атауында "қазақ" сөзі бар ғой деп осы "Qazkom"-ды таңдаған едім. Сөйтіп, жарғысында "қазақ" сөзі бар деп барған банк қызметкерлері маған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде жауап беруден бас тартты. Қазақ тілінде қызмет ала алмаған соң, жағдайы видеоға түсіре бастадым", — дейді Оғыз Доған. 

Кез келген видео – құқық бұзушылықтың бұлттыртпас дәлелі 

Оғыз Доған түсірген бейнежазбаны көрген болсаңыз, банк қызметкерлері бейнежазба жүргізуге болмайтынын айтып, тіпті, журналистің телефонын тартып алуға тырысқан. Біз кәсіби заңгер Абзал Құспанға хабарласып, қоғамдық орындарда, коммерциялық мекемелерде бейнежазба түсіру қаншалықты заңды екенін сұрадық. 

"Қазақ тілінде ақпарат беруге міндетті". Сенатор Оғыз Доғанды жақтады

"Егер де ол бейнежазба азаматтың бұзылған құқығына қатысты түсірілсе, түсіруге болады. Бұл — дәлелдемелерді бекіту деп аталады. Әртүрлі ситуациялық жағдай болатыны анық. Мысалы, сізге қандай да бір қызмет түрін ұсынбай жатыр, болмаса сапасыз қызмет көрсетіп жатыр делік. Кез келген қызмет түрін ұсынушы сыпайы, мәдениетті түрде қызмет көрсетуге міндетті. Міне, сондай сыпайылық танытпай, керісінше, құқығыңызды өрескел бұзып, дауыс көрсеткен жағдайда, сіз оны бейнежазбаға түсіріп алуға толық құқығыңыз бар. Бейнежазбаға түсіруге болмайды деген ешбір заңда жазылмаған. Азаматтық құқықта тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етілген деген принцип бар. Бұл азаматтық заңнаманың қағидасы. Бұл қағида жалпыға бірдей міндетті", — дейді Абзал Құспан. 

Яғни, тікелей заңмен тыйым салынбаған жағдайда бейнежазба түсіруге рұқсат етілген болып есептеледі. Ал, сол мекеменің күзетшілері түсіріп тұрған адам тәртіп бұзып, бұзақылық жасамаса, оның телефонын жұлып алуға құқығы жоқ. 

"Өйткені, телефон – жекеменшік. Яғни, телефонын жұлып алса, меншік құқығына қол соққан деп есептеледі", — дейді заңгер. 

"Маған пиардың түкке де қажеті жоқ"

Естеріңізде болса, 2017 жылдың соңында түрік журналисі Оғыз Доған Қазақстандағы "Эйр Астана" компаниясымнен соттасып, жеңіп шыққан болатын. Ол жағдайда да Оғыз Доғанның арыздануына компания стюардессасының қазақ тілінде қызмет көрсетпеуі себеп болған еді. 

Сол оқиға кезінде бірқатар блогер мен азамат "Оғыз Доғандікі пиар" деген еді. Qazkom жағдайында да ондай пікірлер айтылып үлгерді. 

"Біріншіден, сіз айтып тұрғандай, азаматтардың көбі пиар деп жатқан жоқ деген ойдамын. Әрине, "Эйр Астана" компаниясымен болған жағдайда да менің әрекетімді пиар дегендер болды, қазір де бар, бірақ олар сондай көп деп санамаймын. Екіншіден, мен пиар жасап, таспаларымды сататын әнші, болмаса пиар жасау арқылы пайда көретін адам емеспін. Білім мен ғылым адамына пиардың қажеті де жоқ. Бұл (қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету – авт.) менің азаматтық борышым деп ойлаймын", — дейді Оғыз Доған. 

Қазақ тілі үшін күрескен адам сотта жеңетіні анық

Заңгер Абаз Құспан сұхбаттарының бірінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етіп, қандай да бір ұйымды сотқа берген азамат сотта 100 пайыз жеңіп шығады деген болатын. Ал, "орыс тілі қатар қолданылатын ресми тіл" деген түсінікті алға тартатындар үшін заңгер бұл уәжді сот ескермейді деп отыр. 

Министр депутаттардың қазақша сұрағын түсіне алмай әбден састы

"Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңға сәйкес, тұтынушы талап етсе, мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуі міндетті. Жалпы, кез келген істі мемлекеттік тілде жүргізу міндетті. Ал, басқа тілдер қажетті болған жағдайда ғана қолданылады. Егер тұтынушы ол тілдегі қызметті, жалпы істің сол тілде жүргізілуін қажет деп таппаса, сот та, өзара әңгіме де тек Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде жүруі тиіс. Тұтынушы орысша, ағылшынша емес, қазақ тілінде қызмет керек десе, оның талабы 100 пайыз орынды. 

Ал, Оғыз Доғанның түсірген соңғы видеосын әлі көрген жоқпын. Егер банк қызметкерлері шынымен қазақша қызмет көрсетуден бас тартса, сотқа берген тарап жеңетіні анық. "Эйр Астананың" сотын еске түсіріңіз. Ол сотта да төрт адвокат " орыс тілі тең деңгейде қолданылады, орыс тілінде қызмет көрсете аламыз" дегенді алға тартқан еді. Бірақ, Оғыз Доған оларды жеңді". 

"Эйр Астана" соты Qazkom-ға сабақ бола ма?

 Журналист Оғыз Доған Qazkom өкілдері қазақ халқынан кешірім сұраса, жағдайды сотқа жеткізбей, өзара келісіммен тарасуға болатынын және оның мақсаты да сол екенін айтып отыр.

Оғыз Доған vs "Эйр Астана": жолаушы 1 теңге өтемақы сұрайды

 "Банк өкілдері менімен әлі байланысқа шыққан жоқ. Мені танымайтын сіз де телефонымды тауып алдыңыз ғой, сондықтан, керек болса, олар да тауып алады деген ойдамын. Және банк менен емес, қазақ халқынан кешірім сұраса, мен кешіруге дайынмын. Біздің мақсатымыз – дауласып, соттасу емес, менің мақсатым қазақ тілінің мәртебесін асыру. Ия, егер банк кішіпейілділік танытып, қателіктерін мойындап, кешірім сұраса, мен қуанар едім және сол әрекеті арқылы банк өз мерейін арттырар еді. Ал егер кешірім сұрамаса, "Эйр Астана" сияқты соттасуға тура келеді. Сондықтан, банк "Эйр Астанадан" сабақ алса деп ойлаймын". 

 "Рухани жаңғыру: Сыйға сый, сыраға бал

 Ал, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы болса, Қазақстан Республикасының Тілдер туралы заңы бәріне ортақ екенін және банк болсын, кәсіпкер болсын, ол заңға бағынуы керек деген пікірін айтты. 

 "Рухани жаңғыру" бағдарламасы ұлттық кодты жаңғырту десек, ұлттық кодтың ең негізгісі тіл. Жалпы, Елбасы кәсіппен айналысатын азаматтарға бар жолды ашып берді. Солар қиналмасын деп, рұқсаттамаларды қысқартты. Ал, қазақта "сыйға — сый, сыраға бал" деген бар. Кәсіпкерлердің жұмысы жүрсін дегені, олар басқа заңды белшесінен басып өтсін дегені емес. Тілдер туралы заңды ешкім алып тастаған жоқ. Сондықтан, кім болсын, қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті", — дейді Оразгүл Асанғазы.