АСТАНА, 25 сәуір — Sputnik. Төрт жасар астаналық Әлнұр Әубәкіров Абу Даби қаласындағы джиу-джитсудан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлады жас спортшының әкесі Айбат Әубәкіров.
Айбат Әубәкіровтің сөзіне сүйенсек, балақай Абу-Дабидегі джиу-джитсуден әлем чемпионаты аясында өткен балалар фестиваліне қатысыпты.
"Биыл тамызда бес жасқа толады, екі ұлыммен Астанадағы Cicero costha джиу-джитсу мектебіне барып жүрміз. Бұл джиу-джитсуден өтетін ең ірі жарыс деуге болады. Чемпионатқа әртүрлі жастағы он мың адам қатысқан. Балалар да, категориялар да көп болды. 2013 жылы туған ұлым Әлнұр Әубәкіров 21 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысты", — деп әңгімелейді спортшының әкесі.
Бұл жарты жыл бұрын бапкер Олжас Ыдырысовтың қарамағында джиу-джитсумен айналыса бастаған бүлдіршіннің өміріндегі алғашқы жарысы екен.