Өңірлер

Атырау облысында 300-ден астам оқушы хиджабын шешкен

Қазір батыс аймақта мектеп формасын кимейтін 35 оқушының ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде терроризмге қарсы күрес пен хиджаб мәселесі бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сапарбаев Ақтөбе облысында хиджаб мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

"Терроризмге қарсы комиссия аясында жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта ең пәрменді шара – ол түсіндіру жұмыстары. Құрамына ақсақалдар, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін ақпараттық-насихат тобы бар. Олар тұрақты түрде елді мекендерді аралап, халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жыл басында оқушылармен, кейін колледждер, университеттер студенттерімен кездеседі. Бұл бағыттағы жұмыс өз жемісін беріп отыр", — деді әкім ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Ноғаев осы орайда оқушылардың мектепке хиджабпен келу мәселесі қалай шешіліп жатқанына тоқталды.  

"Біздің өңірде мектеп формасын кимеу проблемасы да өте өзекті болған еді. 350-ден астам оқушы бұл талапты сақтамаған. Қазіргі таңда ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін 35 оқушы ғана қалды. Әлі де түйінді түйткілдер бар, бірақ біз жоспарлы түрде айналысып жатырмыз. Ең бастысы, бұл мәселеде халықтың қолдауын сезіп отырмыз", — деді аймақ басшысы.