АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев батыс өңірде хиджаб мәселесі қалай шешіліп жатқанына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Хиджабқа қатысты заңға сәйкес жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселеге біз қоғамдық ұйымдарды жұмылдыруымыз керек. Бізде хиджаб киетін балалардың саны 530 болатын, қазір 33 оқушы қалды. Солардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", — деді облыс әкімі ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сапарбаев талап барлық балаға бірдей болуы керектігін атап өтті.
"Барлық бала қазіргі заманның талабына, мүмкіндігіне сай білім алып, емін-еркін ойнауы керек, спортпен шұғылдануы керек. Бұған мүмкіндік жасау – біздің ата-ана ретіндегі парызымыз, міндетіміз. Егер біз өз парызымызды орындамасақ, ертең балаларымыз өскенде бізге ренжиді. Себебі олар өз қатарластарынан кем болады. Біз бұған жол бермеу үшін жұмыс істеп жатырмыз", — деді аймақ басшысы.