АСТАНА, 23 сәуір – Sputnik. Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні құрметіне 500 домбырашы Құрманғазының әйгілі "Сарыарқа" күйін күмбірлетеді. Бұл туралы Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда инфо.
1 мамыр күні 500 домбырашыдан құралған оркестр "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда Құрманғазының әйгілі "Сарыарқа" күйін орындайды. Флэшмобты қазақ халқының мәдениеті мен музыкасын дамыту, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасысы ұйымдастырып отыр.
"Елорданың 20 жылдығына орайластырылған "Ұлы дала үні" атты ауқымды шараға музыкант ретінде де, көрермен ретінде де қатысуға болады. Ашық аспан астында өтетін мерекелік флешмоб кезінде қазақ ұлттық музыкалық аспабының керемет үні жиналған қауымның жүрегін тербеп, рақатқа бөлейді", — дейді қалалық мәдениет және спорт басқармасындағылар.
Флешмобқа қатысу үшін dombyra-flashmob.kz сайтында тіркеуден өтіп, байланыс телефонын қалдыру керек. Шара 1 мамырда сағат 15:00-де өтеді.
Сонымен қатар флешмобқа белгілі айтыскер ақындар да қатысады. Жандарбек Бұлғақов пен Сара Тоқтамыс қонақтарды өз шеберлігімен тәнті етпек. Бұдан басқа, "NOMAD" инструменталды жобасы өзінің танымал композицияларын орындайды.