АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2017 жылғы 29 қарашадан бастап номиналы 500 теңге, сапасы "proof", "Дала қазынасы" монеталар сериясы құрамына кіретін "Домбыра" ескерткіш күміс монетасын айналымға шығарады, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.
Монетаның бет жағында (аверсінде), орталық бөлігінде ою-өрнек аясында ұлттық музыкалық аспап – домбыра бейнеленген. Оң жағында монетаның номиналын білдіретін "500 теңге" және монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын көрсететін "Ag 925 31,1g" жазбалары бар. Сонымен бірге, мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" және орыс тілінде "РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН" деген жазба бар.
Монетаның реверсінде асқар таулар, қазақ ауылы, кең даладағы жүйрік тұлпарлар, домбыраға арналған музыканың нотасы мен домбыраның өзі бейнеленген. Жоғары жағында мемлекеттік тілде "ДОМБЫРА" деген жазба және соғылған жылын білдіретін "2017" саны орналасқан. Төменде Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бар. Монетаға гауһартас орнатылған, домбыра алтынмен апталған.
Монетаның таралымы – 3 мың дана.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ "Монеталардың Интернет-дүкені" ҚРҰБ сайтының интернет – дүкені арқылы сатып алуға болады.