Қоғам

Астанада із-түзсіз жоғалып кеткен ата-ана табылды

Полицейлер анықтағандай, оларға қатысты ешқандай құқық бұзушылық жасалмаған
Sputnik

АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik. Астана полициясы із-түзсіз жоғалған үш баланың ата-анасын іздеп тапты, олардың хабар-ошарсыз кеткендігі туралы әлеуметтік желілерде хабарланған болатын.

Астанада үш қыздың ата-анасы із-түзсіз жоғалып кетті

Полиция мәліметінше, отыз екі жастағы Гүлхан Терлікбаева мен Исраилжан Идминов жедел іздеу шаралары барысында табылды.

"Полиция бұл азаматтар туралы түскен ақпаратты мұқият тексеріп отырды. Оларды іздеуге Астана қаласы ішкі істер департаментінің жеке құрамы ғана емес, өзге облыстардың департаменттері де жұмылдырылған. Ерлі-зайыптылар аман-есен табылды", — деп мәлімет берді ведомство баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.

Ер мен әйел түсініктеме беру үшін қаланың ішкі істер басқармасына жеткізілді.

19 сәуірде әлеуметтік желілерде Гүлхан Терлікбаева мен Исраилжан Идминовтың 12 сәуірде үйден шығып, қайта оралмағаны туралы хабар тараған еді. Ерлі-зайыптылардың үш қызы бар. Үлкені – 7 жаста, ортаншысы – 5-те. Ал ең кенже қызы небәрі бір жаста ғана.