АСТАНА, 19 сәуір — Sputnik. Астанада үш кәмелеттік жасқа толмаған қыздың ата-анасы жоғалып кетті.
Отыз екі жастағы Гүлхан Терлікбаева мен Исраилжан Идминов өткен аптада үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. 12 сәуірде анасы ортаншы қызын "Встреча" дүкені маңындағы дамыту орталығына апарып, үйіне қайтпапты. Сол күні сағат 11-ден бастап әкесінен де еш хабар болмаған.
"Полицейлер аталған азаматтарды іздеп жатыр. Оларды іздеуге Астана, Алматы қалалары мен облыстық ІІД-тері жеке құрамы жұмылдырылған", — деп мәлімет берді елордалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Ерлі-зайыптылардың үш қызы бар. Үлкені – 7 жаста, ортаншысы – 5-те. Ал ең кенже қызы небәрі бір жаста ғана.
Желіде таратылған мәліметке сүйенсек, жоғалған әйелдің бойы 155-160 сантиметрдей, қоңыр пальто, сұр шалбар, қоңыр түсті жайпақ етік киген. Басында қара ала орамал болыпты.
Ер адам қара көк жеңсіз күрте, ашық көк джинсы, қара етік немесе көк ала спорттық аяқ киім киген.
Қандай да бір мәлімет білген жандар келесі нөмірлерге қоңырау шалып, хабар бере алады:102 және 8 778 102 54 59.