АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik. Егде жастағы италиялық отбасы сот арқылы 32 жастағы белорусты ресми түрде асырап алды, деп хабарлайды Sputnik Беларусь италиялық БАҚ-қа сілтеме жасай отырып.
Италиялық отбасы жас жігітті 20 жылдан астам уақыттан бері таниды екен. 11 жасынан бастап ол жылда жазда чернобыльдық бағдарламалар бойынша демалуға Италияға барған.
Бала ер жеткеннен кейін де ерлі-зайыптылар қарым-қатынасты үзбей, оны қонаққа шақырып тұрған, тіпті өздері де Беларуське келіп жүріпті.
Жас жігіт жүк тасымалымен айналысады, сондықтан жұмыс бабымен Италияда жиі болады. Өздерінің баласы жоқ отбасы үшін ол туған ұлындай болып кеткен.
Белорустың өз отбасы мен балаларының болғанына қарамастан, италиялық ерлі-зайыпты заңды мұрагер қылу үшін оны ресми асырап алуды жөн көріпті.