Өңірлер

Ақтөбелік тележүргізушінің лифтідегі өлімі: депутаттар Сағынтаевқа сауал жолдады

Еліміздің ірі 7 қаласында 7 мыңға жуық лифт күрделі жаңғыртуды немесе ауыстыруды қажет етеді
Sputnik

АСТАНА, 19 сәуір — Sputnik. Сенат депутаттары үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, лифтілерге қатысты мәселені шешуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ақтөбеде тележүргізуші лифт ішінде қаза тапты

"Депутаттық сауал жолдауға ақаулы лифт салдарынан Ақтөбе қаласында жас әйелдің қайғылы қазаға ұшырауы себеп болып отыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдай еліміздің басқа қалаларында да орын алып жатыр. Жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріндегі лифтілердің де ұдайы істен шығып жататыны таңғалдырмайтын болды. Қазіргі таңда тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық нысандарында бекітілген лифтілерді бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген. Бірақ іс жүзінде осы қалалық тұрғын үй инспекцияларына лифтілерді техникалық күтіп ұстау бойынша бақылау функцияларын іске асыру жөніндегі өкілеттіктері берілмеген", — деді бүгін отырыста сенатор Марат Тағымов. 

Осыған байланысты лифтілерді техникалық күтіп ұстауды жүзеге асыратын компаниялардың қызметі бақылаусыз қалды, дейді депутат. Олардың қызметіне қойылатын талаптар айқындалмаған. Лифт ұйымдарын сертификаттау тетігі жоқ.  

"Еліміздің ірі 7 қаласында жеті мыңға жуық лифт күрделі жаңғыртуды немесе ауыстыруды қажет етеді. Астананың өзінде шамамен 60 сервистік компания жұмыс істейді. Олардың болмашы бөлігінің ғана шын мәнінде құзыреттері, мамандары және қажетті өндірістік технология базасы бар. Лифтілердің апаттық мәселесі әртүрлі әкімшілік деңгейлерде талқыланғанымен, жағдай өзгермеді", — деді Тағымов.

Ақтөбе облысы әкімі тележүргізушінің қазасы туралы: бәріміз есеңгіреп қалдық

Депутат өнеркәсіптік қауіпсіздік сапасындағы өкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар арасында лифт жабдықтарын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялардың қайталануын болғызбау, сондай-ақ тұрғын үй инспекциясының қызметкерлеріне тиісті өкілеттіктері бар мемлекеттік инспектор мәртебесін беру жөнінде шаралар қабылдауды сұрады. 

"Лифт қызметін көрсетуге арналған бірыңғай салалық стандартты, оның ішінде лифтілердің бірыңғай электрондық тізімін құру туралы және сауалда көрсетілген басқа да мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуді өтінеміз", — деп түйді сөзін сенатор.

Еске сала кетсек, Ақтөбеде тележүргізуші Айзат Әбдісамат төртінші сәуірде лифтіде кабина мен шахта арасында қысылып қалып қаза болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.