Өңірлер

Жамбыл облысында бөлім басшысы жақындарын жарылқаймын деп жұмыстан кетті

Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik. Жамбыл облысында 160 миллион теңгенің субсидиясын туыстарына бөліп берген басшы жұмыстан қуылды. Бұл заңсыздықты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті анықтады, деп хабарлады 77news.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ОҚО-да басқарма басшысы пара алып жатқан жерінен ұсталды

Департамент өкілдерінің айтуынша, Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С. Сейдахметов жанар-жағармайға бөлінген 160 миллион теңге мөлшеріндегі субсидияны заңсыз бөлген. Ауданда ең ірі мөлшердегі субсидиялар 2014-2016 жылдар аралығында "Бектібай", "Бектібай-1", "Самат" және "Еркін" шаруа қожалықтарына берілген. 

Тексерулер кезінде субсидияларды Сейдахметовтің жақын туыстары: ағасы, жеңгесі, әйелі және баласы алғаны анықталды. Департамент өзіне берілген құзіретті пайдалана отырып,  Сейдахметовті жұмысынан босатты. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.