Қоғам

Астанада дін істері комитеті төрағасының орынбасарына үкім шығарылды

Бауыржан Мусин жеті жылға сотталды
Sputnik

АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Мусинге сот үкімі шығарылды, деп хабарлады елордалық соттың баспасөз қызметі.

"Сот үкімімен Мусин жеті жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазымдар иеленуіне, мемлекеттік және мемлекеттің үлесі 50% коммерциялық ұйымдарда қызмет етуіне өмір бойына тыйым салынды", — делінген хабарламада.

Дін істері жөніндегі комитеттің төрағасы тағайындалды

Істің материалдарына сүйенсек, 2016 жылы желтоқсан айында Мусин мен "Ассар KZ" ЖШС директоры мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы сомасы 4,9 миллион теңгеге тауар алу туралы келісім жасасқан. Шенеунік шын мәнісінде жеткізілмеген тауарды қабылдау актісіне қол қойғаны үшін бір миллион теңге пара алыпты.

Сонымен бірге, айыптаудың мәліметінше, Мусин басқа бір кәсіпкер, яғни "Кульшариев" ЖК-нің мүддесін қорғап, алдағы сатып алуларда жеңіске жетуіне ықпал етуі үшін 400 мың теңге пара алған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро бұдан бұрын хабарлағандай, Мусин мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың мүддесін жақтағаны үшін талай рет пара алды деген күдікке ілінген. Наурыз айының соңында Мусин кәсіпкерден кезекті 400 мың теңге пара алу үстінде ұсталды. Параның жалпы сомасы 1,4 миллион теңге болған.