АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ресейге қатысты жаңа экономикалық санкцияларды енгізуді кейінге қалдыруға шешім қабылдады, деп хабарлайды РИА Новости Washington Post басылымына сілтеме жасап.
"Трамп жексенбі күні кешкісін ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілерімен ақылдасып, санкцияларды ресми жарияланғанына көңілі толмайтынын, әрі оларды қабылдауға қатысты онша сенімді емес екенін айтқан", — деп жазады басылым.
Газеттің мәліметіне сүйенсек, Трамп әкімшілігінің өкілдері хабарлағандай, экономикалық санкциялар Мәскеуге қатысты қабылданатын басқа да шаралармен қатар мұқият қарастырылды, бірақ Трамп оларды жүзеге асыруға әлі рұқсат берген жоқ.
Әкімшілік шенеуніктерінің айтуынша, "Ресей тарапынан себеп туындамаса, Трамптың қосымша санкцияларды қабылдауы екіталай".
Естеріңізге сала кетсек, жексенбі күні АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли мәлімдегендей, АҚШ Сириядағы ахуалға байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар қабылдайды. Оның сөзіне сүйенсек, Вашингтонның жаңа санкциялары Сириядағы химиялық қару өндірісіне технология жөнелткен компанияларға қатысты болмақ.