АСТАНА, 16 сәуір — Sputnik. Алматы облысының полицейлері жолда адамды қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апаты 14 сәуірде Алматы-Бішкек жолында болды. Салдарынан 32 жастағы Өзбекстан азаматы қаза тапты. Оны қағып өлтірген жүргізуші апат орнынан қашып кеткен.
"Оқиға орнынан көлік бампері мен шамының сынықтары табылып, сол арқылы оның Mercedes Benz Viano екені анықталды. Жедел іздестіру шаралары барысында көліктің иесі белгілі болды, ол Жамбыл ауданының тұрғыны болып шықты. Күдіктің тұрғылықты жерінен көлік табылды, артынша иесі де ұсталып, полицияға жеткізілді», — деп хабарлады Алматы облысы ІІД жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы Ерлан Кәрібаев.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті сараптамалар белгіленді. Күдіктінің көлігі арнайы тұраққа қойылды.