Мәдениет

Астанада Тамғалы тас пен Шарын шатқалы пайда болады

Елорданың сол жағалауындағы "Арай" саябағының атауы "Жетісу" деп өзгертіліп, абаттандырылмақ
Sputnik

АСТАНА, 15 сәуір — Sputnik. "Арай" саябағын қайта жаңғырту бойынша ауқымды құрылыс жұмыстары басталды. Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында алматылық дизайнерлер саябақтың көркін кіргізіп, елордалықтарды таңғалдырмақ. BI Group холдингінің жоба жетекшісі Дәурен Әлжасаров Елорда инфо порталына саябақта жүргізілетін жұмыстар туралы баяндап берді.

Елбасы: той десе, ішкен асын жерге қоюға дайын халықпыз ғой

Астананың 20 жылдығына орай Алматы облысы "BI Group" холдингімен бірлесіп "Арай" саябағын абаттандыру бойынша қайта жөндеу жобасын жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар саябақтың сыртқы келбетімен бірге оның атауы да "Жетісу" болып өзгереді. 

Аумағы 15 гектарды құрайтын саябақта төрт негізгі аймақ құру жоспарланып отыр. Біріншісі – тыныш серуенге өте ыңғайлы. Бұдан әрі орталық аллея және артында балалар ойын алаңы мен тамақтану аймағы, одан ары автотұрақ аймағы орналасады. Сондай-ақ, саябақта ұзындығы 1,5 км болатын веложол мен жүгіру жолдары болады.

"Саябақта Алматы облысының символы бар "Апорт", әр түрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары бар Тәңір алаңы орналасады. Тамғалы тастың петроглифтері бейнеленген тастар мен Шарын шатқалы пайда болады, сондай-ақ амфитеатр салынады", — деді Әлжасаров.

Алаң ортасында хош иісті гүлдер, шөп пен бұтадан тұратын Қазақстанның картасы орналасады. Сонымен қатар саябақта 270 түп ағаш отырғызылады, оның 85-і алма, шаған және шырша.

Жоба менеджері сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған  ойын алаңдары да орнатылатынын атап өтті.

Қысқы уақытта мұз айдыны ретінде жұмыс істейтін роллердром салу көзделген. Онда жыл бойы ролик, коньки және велосипедтерді жалға беру пукнтері жұмыс істейді. Әдеттегі ойын алаңдары мен трамплиндерден басқа, төбесі резинамен қапталған толқынды рельефтер салынады, бұл жарақат ықтималдығын азайтады.

Исекешев Астана халқын қолжетімді баспанамен қалай қамтамасыз ететінін айтты

Парктің ортасында Wifi ағашы орнатылады. Ол күн энергиясының есебінен қуатталмақ. Сондай-ақ саябаққа қыдырып келгендер телефондарын қуаттай алады. 

Қайта құру жұмыстарын 30 маусымда аяқтау жоспарлануда. Бұл ауқымды жобаның құны 3 миллиард теңгені құрайды және оны Алматы облысының әкімдігі қаржыландырады.

Ресми ашылу күнінде қонақтарға ойын-сауық бағдарламасы, экскурсиялар, фестиваль, кешкі шоу, ашық аспан астындағы кинотеатр мен концерт ұсынылады.