АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа оқулық" жобасы аясында шыққан алғашқы оқулықтардың тұсаукесерінде еліміз әлемдік көштен қалып қоймауы үшін не істеу қажеттігін көп ойлайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Зымырап уақыт өтіп жатыр. Дүние сағат, күн, жыл сайын өзгеруде. Жаңалықтар көбейіп бара жатыр. Қалай соның соңында жүрмей, қатарына түсеміз? Міне, менің ойым күндіз-түні осы. Ол оңай емес", — деді Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің шикізатқа тәуелді болып қалғанын айта келе, одан шығудың жолы қандай екенін көрсетті.
"Біз колонияда болдық қой, шынын айтқанда. Империя әр уақытта өзгелерді қара жұмысқа салып қойып, өздері басқасын ала беретін. Біз солай үйренген халықпыз. Темір, мұнай, газ, көмір бар жерімізде, соған сеніп өсіп келе жатырмыз. Ал енді басқа экономиканы, индустрияландыру мен инновацияны құру үшін не істеу керек? Қаражаты болмайтын ел оны жасай алмайды. Артық ақшасы бар ел ғана индустрияландыру, инновациямен айналыса алады. Біз осы деңгейге жеттік. Алты жыл бойы индустрияландырумен айналысып жатырмыз. Шикізатқа тәуелсіз баламалы экономика құру үшін істеп жатырмыз. Бізге басқа экономика керек", — деді президент.