Әлем

Тергеу: өрт сөндірушілердің салғырттығынан "Зимняя вишня" кинозалында 37 адам қаза тапты

Тергеу анықтағандай, командирдің салғырттығынан өрт сөндірушілер уақыт жоғалтып, адамдарды құтқарып үлгермеген
Sputnik

АСТАНА, 11 сәуір — Sputnik. Ресей Тергеу комитеті Кемерово қаласының өрт сөндіру бөлімінің командирі Сергей Генинге қатысты қызметтегі салғырттығы туралы қылмыстық іс қозғады.

Бүкіл отбасынан айырылған Кемерово тұрғыны видеоүндеу жариялады

"Гениннің салғырттығы салдарынан өрт кезінде "Зимняя Вишня" сауда және ойын-сауық орталығының 4-қабатындағы №2 кинозалында болған 37 адам қаза тапты. Өрт сөндірушілер адамдарды құтқарып, қауіпсіз жерге шығаруға жететін уақытты жоғалтып алған", — деп мәлімдеді Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко.

Тергеу мәліметінше, №2 өрт сөндіру-құтқару бөлімшесінің күзет басшысы Сергей Генинге оқиға куәгерлерінің бірі №2 кинозалда адамдар көп, оның ішінде балалар бар екенін айтып, кинозалға апаратын қысқа жолды көрсетіпті.

"Генин ол мәліметті құлағына да ілмей, қолда бар схема жоспармен салыстырмаған. Ол жасақты ғимараттың оңтүстік-шығысындағы баспалдаққа жөнелтеді. 4-қабатқа жеткенде есіктің жабық екенін көріп, таяу жердегі баспалдаққа қайтып келіп, 4-қабатқа қайта көтерілген", — деп мәлімет береді Тергеу комитеті.

Сөйтіп, өрт сөндірушілер адамдарды құтқару кезінде алтындай уақытын жоғалтып алған.  

Қазір Гениннің үйі тінтіліп жатыр, жақын арада полиция оны қамауға алмақ.