АСТАНА, 9 сәуір — Sputnik. Судья Маратәлі Бекназаров 2016 жылғы теракт кезінде әрекетсіздік танытқаны үшін айыпталған Алмалы ауданы ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы Асқар Болатовтың ісін прокуратураға қайтарды.
Асқар Болатовқа екі бап бойынша айып тағылған: 370-баптың 4-тармағы (қызметтегі әрекетсіздігінің ауыр зардаптарға әкелуі) мен 371-баптың 2-тармағы (абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтырған салғырттық). Оның қол астында қызмет еткен Қайрат Аманжолов пен Сырым Баймеңдиев те қызметтегі әрекетсіздігі үшін айыпталған.
Былтырғы жылы да кемшіліктерді жөндеу үшін сот істі прокуратураға қайтарған еді. Биыл ақпанда іс бойынша бастапқы тыңдау процестері басталып кетті. Сәуір айында сот қорғаушылардың өтінішімен қателіктерді жою үшін істі тағы да прокурорға қайтарды.
Үш күдіктіге қатысты бұлтартпау шаралары өзгеріссіз қалған: Асқар Болатов кепілмен жіберілсе, қалған екеуінен қолхат алынған болатын.
Шешімге 15 күн ішінде шағым түсіруге болады.
2016 жылы 18 шілдеде қарулы ер адам Алматыда полицейлерге шабуыл жасады. Салдарынан 10 адам қаза тапқан. Теракт жасаушы – Қызылорда облысының 26 жастағы тумасы Руслан Күлекбаев. Сот оны ең ауыр жазаға кесті – елімізде мораторий жарияланған өлім жазасы.