Қоғам

Министрлік курсанттарды неге 700 теңгеге тамақтандырып отырғанын түсіндірді

Қорғаныс министрінің айтуынша, тендерге қатысатын компаниялар конкурста жеңу үшін тамақтандыру бағасын төмендетеді
Sputnik

АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. ҚР қорғаныс министрлігі әскери-оқу мекемелерінің курсанттарын тамақтандыруды тендерлік жүйеден алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Құдайберген Ержан сарбаздарға берілетін тамақтың сапасына күмән келтірді. Айтуынша, тендерге қатысатын компаниялар конкурста жеңу үшін бағаны төмендетеді. 

Министр Қазақстанның әскери ұшқыштары қанша алатынын айтты

"Бүгін әскери тағам құны 1225 теңгені құрап отыр. Бұл мемлекеттің үш мезгіл тамақтануға бөліп отырған қаражаты. Бірақ, біз білеміз жеке кәсіпкерлер тендерді ұтып алу үшін бағаны төмендетеді. Сонда шамамен 600-700 теңгенің төңірегінде шығып отыр. Бұл сомаға әскери азаматтарды сапалы тамақтандыруға болады дегенге күмәнім бар. Қорғаныс министрі кәсіпкерлерге тағамның энергетикалық құрамын, тамақ сапасын қадағалау жөнінде тапсырмалар бере ме? Толық сомаға сапалы тамақ беруге не бөгет болып отыр", — деп сұрады депутат. 

Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әскери оқу мекемелерінің курсанттарын тамақтандыруға қатысты жауап берді. Министр курсанттарды тамақтандыру ведомство үшін қиын мәселе болып отырғанын атап өтті. 

"Шынында да, әскери азық-түлік құны 1225 теңге. Ол тәулігіне 4231 килокалория алуы қажет. Сіздер білесіздер, сарбаздарды үш рет тамақтандыру керек. Алайда конкурсқа қатысатын компаниялар тендерді ұтып алу үшін өз қызметтерінің құнын 650-900 теңгеге дейін төмендетеді. Біз оған тосқауыл бола алмаймыз. Кім төмен баға ұсынса, сол ұтады", — деді Жасұзақов. 

Министр курсанттарды тамақтандыруды осы жүйеден алып тастау үшін премьер-министрге хат жазғанын айтты. 

"Күні бойы далада жүгіретін курсантты 700-800 теңгеге қалай тамақтандыруға болатынын түсінбеймін", — дейді министр. 

Осы орайда мәжіліс вице-спикері Владимир Божко мемлекеттік сатып алулар туралы заңға осыған байланысты өзгеріс енгізуді ұсынды.

Есмағамбетова: дұрыс тамақтану балалар үшін өте маңызды

"Қазір мемлекеттік сатып алулар туралы заң бізде жатыр. Мұндай мәселелерді қорғаныс министрлігінде тым ұзақ талқылаудың қажеті жоқ. Екінші оқылымға дейін қандай да бір сұрақтар болса, заңға өзгеріс енгізу қажет. Егер тамақтандыру бойынша баға 1200 теңге болса, оны төмендетудің қажеті жоқ… Физиология анықталды, бағасы белгіленді, енді осыдан кейін бір адамды екі есе арзанға тамақтандыру үшін жағдай жасамайық. Сабанмен тамақтандырамыз ба сонда? Жұмыс тобымен аталған мәселені талқылаңыздар. Осы өзгерісті енгізейік", — деді Божко.