АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. ҚР қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов ұшқыштардың жалақысы аз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр әскери ұшқыштар жалақысының аздығынан "Эйр Астана", "Скат" сияқты әуе компанияларына ауысып жатқанын тілге тиек етті. Былтыр 25 әскери ұшқыш айлығына көңілі толмай, жұмыстан кеткен.
"Біздің ресейлік әріптестеріміз, дәл сондай ұшқыштар 800 мың рубль алады. Біздің бірінші санаттағы ұшқыштың айлығы – 270 мың. Мен осы мәселені көтеріп, хат жаздым, мемлекет басшысы қолдап, үкіметке ұшқыштардың жалақысын екі есеге көтеру туралы тапсырма берді. Тым болмағанда 450-500 мың теңге алу үшін", — деді министр мәжілістегі үкімет сағатында.
Сонымен қатар, үкімет сағатында Жасұзақов біліктілігін арттыру үшін оқуға келген тыңдаушылардың жалақысы толық төленбей отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, бұл басқа табыс көзі жоқ отбасылы әскерилер үшін үлкен проблема.
"Бізді басқасы мазалап отыр. Әлі күнге дейін оқуға келген біздің тыңдаушылар ақшаның 70 пайызын ғана алады. Бұл әдісті қайта қарау үшін біз бұл мәселені талай рет көтердік. Оқуға келген әскери қызметкер толық жалақысын алуы керек. Өйткені, мәселен оның әйелі жұмыс істемейді, ал ол үнемі оқуда, қосымша кіріс жоқ. Осындай проблема бар", — деді министр.