Өңірлер

Ақтөбе облысы әкімі тележүргізушінің қазасы туралы: бәріміз есеңгіреп қалдық

Бердібек Сапарбаев марқұм Айзат Әбдісаматтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты
Sputnik

АСТАНА, 6 сәуір — Sputnik. Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев тележүргізушінің қазасынан кейін барлық көпқабатты үйдегі лифттерді тексеретін сарапшылар комиссиясын құруды тапсырды.

Ақтөбеде тележүргізуші лифт ішінде қаза тапты

Комиссия көпқабатты үйлердегі лифттердің жағдайы мен қауіпсіздігіне баға беріп, оларға қызмет көрсететін компанияларды тексереді. 

"Бұл оқиға бәрімізді есеңгіретіп тастады. Енді қайталанбас үшін тиісті шаралар қолдануымыз қажет. Қала әкімдігі прокуратура және басқа құзыретті органдармен бірігіп, қысқа уақыт аралығында барлық лифттердің жағдайын, сапасын және техникалық қызметін тексеріп шығады. Сонымен бірге басқарушы компаниялардың мамандарын, азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттіліктерін қаншалықты орындайтынын қадағалау керек", — деді Сапарбаев.  

Бердібек Сапарбаев марқұм Айзат Әбдісаматтың  туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. 

Қайғылы оқиға 12-ші шағын ауданның №19 үйінде болған. "Қазақстан Ақтөбе" арнасының тележүргізушісі Айзат Әбдісамат үш жастағы қызымен бірінші қабаттан лифтке отырады, екінші қабатқа жеткенде, лифт тоқтап, әйел адам шығып үлгермепті. Айзаттың сол аяғын есік қысып қалған. Ол алған жарақатынан қаза тапты. 

Кішкентай қыз жабық бас сүйек-ми жарақатын алған. Қазір ол туыстарының қолында. Полиция аталмыш дерекке қатысты қылмыстық іс қозғады.