Қоғам

Елбасы: той десе, ішкен асын жерге қоюға дайын халықпыз ғой

Астана әкімдігінде елорданы дамыту мәселелері жөніндегі отырыс өтіп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 5 сәуір — Sputnik.  Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі отырыста елорданың 20 жылдық мерейтойын аста-төк шашылмай, абыройлы өткізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Назарбаев: Астанаға қарап таңғаламын

"Біз талқылап жатқан Астананың жиырма жылдығы маңызды мәселе. Біз бәріміз мейрамдарды жақсы көреміз. Қазақтар той десе, ішкен асын жерге тастап жүгіретін халықпыз ғой. Сондықтан айқай-шу эффектілерін жасаудың қажеті жоқ. Барлық облыстың атсалысқысы келіп жатқанын білемін. Бұл мүмкіндікті орынды пайдалану керек", — деді Елбасы. 

Мемлекет басшысының айтуынша, облыстар елорданың мерейтойына мүмкіндігінше сыйлық жасағаны жөн.

"Облыстардан талап ету керек емес шығар. Әрқайсысы елорданың мерейтойына не істей алады, соны жасасын.  Бірақ жөнді, пайдалы дүние болсын. Ескерткіш салу деген сияқты нәрселер болмасын. Көшелер, саябақтар, гүлбақтарын салған жөн. Бәрі жиналып, мектеп салса тіпті жақсы. Жалпы, барлық мәселеге байсалды қараған абзал", — деді Назарбаев.