АСТАНА, 28 наурыз — Sputnik. Оңтүстік Қазақстанда жоғалып кеткен жеті жастағы қыз екі күннен соң табылды.
Сарыағаш ауданында Инабат Мұхтарқожаның отбасы тұратын Ақниет ауылына жақын жерде Тескен арнасы ағып жатыр. Құтқарушылар суды басты назарға алып, елді мекеннің төңірегін де шолып шыққан.
"Қыз жоғалып кетіпті, ата-анасы өздері іздеп таба алмаған. Сондықтан аудандық ішкі істер бөліміне арыз берген екен. Жақын маңда су арнасы ағып жатқандықтан, олар қызды суға кетіп қалуы мүмкін деп ойлаған. Алты құтқарушы, Сарыағаш ауданының ТЖ басқармасының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар жабылып қызды іздеу шараларына кіріседі", — деп хабарлады ОҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова.
Қыз бала аман-есен табылды.
"Құтқарушы иттердің көмегімен тауыпты. Қыз бала аман-есен. Ойнап жүріп, адасып қалған болса керек. Жалғыз тұратын қарт әйел тауып алған екен. Осы уақыт бойы сол әжейдің қолында тұрған", — деп хабарлады Тұрысбекова.
Қыздың қалай жоғалғаны анықталып жатыр.