АСТАНА, 28 наурыз — Sputnik. Мәжіліс депутаты Асқар Базарбаев "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының Kcell телекоммуникациялық операторы акцияларының 75 пайызын сатып алу мүмкіндігіне қатыстыҰлттық экономика министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың айтуынша, мұндай ауқымды монополия және экономикалық шоғырлану қатардағы тұтынушылар үшін тарифтерді өсіруге әкелуі мүмкін.
"Қазақтелеком нарықта өз шарттарын ұсыну мүмкіндігіне толықтай ие болады. Мамандардың пікірінше, Қазақтелекомға Kcell-дің 75 пайыз акциясын сатып алуға келісім беру мемлекеттің монополияға қарсы реттеу саясатына қайшы келеді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Қазақтелеком және Kcell арасында жасалатын келісімшарт бойынша қоғамда орын алған резонансты есепке ала отырып, құзыретті органның бәсекелестікті шектеуге және тұрғындарға тарифті жоғарылату мүмкіндігіне жол бермеу үшін, сондай-ақ ел экономикасында мемлекет үлесінің артуына жол бермеуге қандай шаралар қарастырылғаны туралы ақпарат беруді сұраймын", — деп түйіндеді сөзін депутат.