АСТАНА, 26 наурыз — Sputnik. Қырғызстанда Ош облысының милициясы Қытайдың төрт азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар Қырғызстан төлқұжатын заңсыз алған деген күдікке қалған. Құжаттар жергілікті тұрғындардың есімдерімен толтырылса, ал бір төлқұжат қайтыс болған адамның атына рәсімделген, деп хабарлайды centralasian.org.
Ош облысы ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Женишбек Ашырбаевтың айтуына қарағанда, бір күдікті тұтқынға алынды, қалған үшеуіне іздеу жарияланды. Ұсталған азамат тергеу кезінде жалған құжат жасатуға екі мың доллар төлегенін мойындады, деді Ашырбаев.
Ресми мәліметке қарағанда, заңсыз төлқұжат бергені үшін төлқұжат үстелінің бірнеше қызметкері жауапқа тартылған:
"Ноокат ауданына қарасты төлқұжат-виза бөлімінің жалған құжаттар дайындауға қатысқан бір қызметкерінің ісі сотқа берілді. Олар Қытай азаматтарына құжат әзірлеумен айналысқан. Қазіргі таңда дәл осындай тағы он оқиға әшкереленді".
Шетел азаматтарына қырғыз төлқұжаттарын заңсыз беру фактілері бұған дейін де тіркелген. 2017 жылы бұл мәселе парламентте қозғалып, депутаттар төлқұжат беру қызметін Мемлекеттік тіркеу қызметінен ішкі істер министрлігіне беру туралы ұсыныс айтқан еді.