Әлем

Дәрінің орнына у. 28 жастағы әйел дәрігерлердің қатесінен комаға түсті

Ота кезінде дәрігерлер науқасқа физиологиялық ерітіндінің орнына уытты зат – формалинді еккен
Sputnik

АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Ресейдің Ульянов облысының тергеу органдары 15 наурызда жергілікті ауруханада болған қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жоспарлы операция үшін ауруханаға жатқан 28 жастағы әйел дәрігерлердің қатесінен комаға түсті, деп жазады life.ru.

Зертхананың қателігінен бір отбасының ойраны шықты
Операция кезінде дәрігерлер 28 жастағы науқастың құрсақ қуысына физиологиялық ерітіндінің орнына уытты зат – формалинді еккен. Формалин әдетте анатомиялық препараттарды сақтау және теріні илеу кезінде өндірісте қолданылады. Қазір Ульянов облысының тергеушілері істің мән-жайын анықтап жатыр.

"Жоспарлы хирургиялық ота кезінде медицина қызметкері 28 жастағы науқастың ағзасына қателесіп формалин еккен. Салдарынан әйелдің денсаулығы күрт нашарлап, Ульянов облыстық клиникалық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды", — делінген аймақтық ТК хабарламасында. 

Дәрігерлер қателескенін түсінгеннен кейін екі минуттан соң науқастың ағзасынан уытты затты шығару үшін асқазанын тазартқан. Комаға түскен әйел "жасанды бүйрек" аппаратына қосылды. 

Жақында арнайы борт науқас әйелді Ульяновскіден Мәскеуге жеткізді. Қазір ол Склифосовский ҒЗИ мамандарының бақылауында. Әйелдің жағдайы әлі ауыр. 

Сарапшылардың айтуынша, формалиннің иісі өте өткір, сондықтан оны физиологиялық ерітіндімен шатастырып алу мүмкін емес.