АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Boxingnews24.com журналисі Крис Уильямс мексикалық боксшы Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) допинг-сынамасына қатысты проблема түбегейлі шешімін табуы тиіс екенін айтты, деп хабарлады Sports.kz.
"Тіпті, Невада штатының атлетика комиссиясы „Канелоны“ кінәсіз етіп шығарған күннің өзінде, оған кленбутерол көмектеспейтініне көз жеткізу үшін реваншты жаздың соңына дейін қалдыру керек. Ең бастысы, Головкин жекпе-жек тең жағдайда өтетінін білуі тиіс. Сонымен қатар, „Канело“ осы сәттен бастап реванш өтетін жаздың соңына немесе қыркүйекке дейін допинг-тестерден өтіп отыруы керек", — деп жазды автор.
Оның пікірінше, дәл қазір Альварес Головкинге қарағанда едәуір артықшылыққа ие болуы мүмкін. Сондықтан препараттың күші толығымен жойылғанына көз жеткізу үшін жекпе-жекті төрт-алты айға кейінге қалдыру қажет.
"Головкин „Канелоны“ кездесуге дейін тексеріп отыруды талап етуі тиіс, сонда ол допинг-алаяқпен жұдырықтаспайтынына сенімді болады. Мұндай идея жекпе-жекке тең жағдай жасаудан туындап отыр", — деп түйіндеді Крис Уильямс.
Естеріңізге сала кетейік, Головкин — Альварес реваншы 5 мамырға белгіленді, ол Лас-Вегаста өтеді деп жоспарланып отыр.