АСТАНА, 19 наурыз — Sputnik. Алматыда 19 наурыз сағат 19:00-ден бастап 26 наурызға дейін негізгі даңғылдарда қозғалыс тоқтатылады, деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Төлеби даңғылының Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейінгі бөлігінде екі бағытта да қозғалыс тоқтатылады, сондай-ақ солтүстік бағытта Панфилов көшесінің Бөгенбай батыр көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі бөлігі жабылады.
Ал 22 наурызда Панфилов көшесінің Қабанбай батыр көшесінен Жібек жолы көшесіне дейінгі бөлігінде қозғалыс тоқтатылады.
Алматы полициясы көлік жүргізушілерден Наурыз мерекесін тойлау күндері осы ақпаратты ескеріп, жүретін жолына өзгеріс енгізуді сұрайды.
Қазақстанда Наурыз 21-23 наурыз күндері тойланады. Биыл қазақстандықтар 5 күн демалып, жұмысқа 26 наурызда бір-ақ шығады.