Қоғам

БҒМ жалған ақпарат тарату фактісіне қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстандық сайттардың бірінде мемлекеттік органның қызметінде сыбайлас жемқорлық жүйесі құрылды деген айыппен жала жабу сипатындағы постар жарияланған
Sputnik

АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті интернетте жалған ақпарат тарату фактісіне қатысты мәлімдеме жасады.

Ақтөбелік әйел түрмеге қайта түсу үшін жалған ақпарат таратқан

Комитет сайтында жазылғандай, биыл ақпан айында ғылыми жұмыстарды қаржыландыру байқауының нәтижелерін жариялаған соң, бірқатар ғалым даулы сауалдарына жауап қайтаруды өтініп Ұлттық ғылыми кеңестерге, ҚР БҒМ, Ғылым комитетіне, басқа да мемлекеттік органдарға және БАҚ-қа жүгінген еді. Оларға сәйкесінше түсініктеме берілген болатын.

Осыған қатысты yvision.kz интернет-ресурсында мемлекеттік органның қызметінде сыбайлас жемқорлық жүйесі құрылды деген айыппен жала жабу сипатындағы постар жарияланды. Бұл жалған ақпараттың барлығы фейк есіммен шыққан. Сонымен қатар Ғылым комитетіне Елбасыға үндеуде қойылған қолдар жалған екені туралы ғалымдардың шағымы келіп түсті.

"Жалған ақпараттың тарауына байланысты, қолданыстағы заңнамаға сәйкес біз құқық қорғау органдарына ҚР заңының бұзылуына қатысты тексеріс жүргізіп, шаралар қолдану туралы арыз беруге мәжбүр болдық", — делінген хабарламада. 

Қазір полиция фейк есіммен жалған ақпарат таратқан адамдарды іздестіріп жатыр. 

"Даулы сауалдарымен ашық түрде жүгінген ғалымдарға біздің еш наразылығымыз жоқ. Сондықтан ғалымдарға уайымдауға еш себеп жоқ – Ғылым комитеті ашық әрі сындарлы пікірталас өткізуге дайын", — деп жазылған мәлімдемеде. 

Ғылым комитеті әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ойдан шығарылған ақпаратты таратпауды, тек шындыққа жанасатын тұжырымдамаларды таңдауды өтінді.