АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева 7 жасар баланың Астанада уақытын қалай өткізіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, бала қазір әжесімен пәтерде. Бүлдіршінді көруге, сөйлесуге тыйым салынбаған, тек оған зорлау ісіне қатысты ешқандай сұрақ қойылмауы керек.
"Баланы көруге ешкім шектеу қойып отырған жоқ. Оған тек болған оқиғаға қатысты сұрақ қоюға тыйым салынған. Ал басқа сұрақтар бойынша сөйлесіп, көруге болады. Кеше ол дүкенге барды, бүгін түстен кейін медициналық тексерістен өтеді. Кездескілеріңіз келсе, әрине, кездесе беріңіздер. Бірақ бір ғана шартпен – тергеуге қатысты ешқандай сұрақ қоюға болмайды", — деп қадап айтты Балиева.
Депутаттың айтуынша, қазір оңтүстікқазақстандық бүлдіршін елең-алаңсыз ойнап, педагогтармен сабақ оқып жүр.
Еске салып өтсек, үш-төрт күн бұрын отандық БАҚ бетінде "Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған" деген ақпарат тараған еді. Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылында бар-жоғы бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен 4 оқушы 5 ай бойы зорлап келген көрінеді. Жәбір көрдім деген бала бұл туралы туыстарына былтыр тамыз айында айтқан екен. Содан бері полицейлерге неше мәрте барғанымен тәртіп сақшылары шағымды тек қаңтар айында қабылдапты.
Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы бірінші сынып оқушысына сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық жасалғанын теріске шығарды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Шымкент қаласына барып, 7 жасар бүлдіршінді әжесімен бірге Астанаға алып келді. Қазір баланың жағдайы жақсы, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.